Lingua - navitas
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

«Тіл – адамның адамдық
белгісінің зоры»

Бағдарламаның нәтижелері
Күтілетін нәтижелер
Қол жеткізілген нәтижелер
Практикалық маңыздылығы
Қолданысқа енгізу перспективалары
Күтілетін нәтижелер

Бағдарламаның ғылыми-теориялық мәні жоғары нәтижелері:
- қазақ-орыс-ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің мәдениетаралық қатынастағы ықпалы, этнокультурация құбылысы зерттеледі;
- ономастикалық атаулар қатысуымен жасалған прецедентті тұрақты тіркестердің мәдени-семантикалық түсіндірмесі, мәдени коды ашылады;
- қазақ кестелі сөзін сипаттайтын лингвосинергетикалық маркерлер көрсетіледі;
- тілдік тұлға сөзінің синергетикалық сипаты дискурстық талдау арқылы танылады;
- қазақ баспасөз тілін жаңғыртудың синергиялық әлеуеті көрсетіледі;
- салалық терминологиялық сөздіктерде тіркелген, заңнамада және БАҚ-та қолданылатын және бекітілген терминдердің жасалу жолдары (синтетикалық, лексика-семантикалық, аналитикалық) және қолданылу ерекшеліктері (полисемия, кеңмағыналылық, эврисемия, мағынаның семантикалық жылжуы (тарылуы/кеңеюі), жарыспа нұсқалардың дербес терминденуі, архаизмдердің, қолданыс жиілігі төмен сөздердің терминденуі, бейтерминдену және т.б.) анықталады;
- кірме терминдер мен жаңа сөздердің (неологизмдердің) жұмсалымдық әлеуетіне әсер ететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар және термин өміршеңдігінің параметрлері анықталады, когнитивтік тұрғыдан зерттеледі;
- тұңғыш рeт түciндiрмe, фрaзeoлoгиялық cөздiктeрдe фрaзeoлoгиялық бiрлiктeрдi бeрyдiң критeрийлeрi əзiрлeнeдi;
- көпмәдениетті қоғамдағы қазақ тілінің қазіргі тілдік жағдайы талданады;
- реалды және виртуалды қатынастағы қазақ тілінің лингвоэкологиялық сипаты қарастырылады;
- тілдік ортаның сөз тазалығы үшін күрес жолдары, қоғамның, жеке адамның тілдік рухани саламаттылығына зиян тигізетін түрткіжайттары анықталады;
- тіл басқыншылығына қарсы күрес негіздерін айқындау шаралары белгіленеді;
- А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» және «Тіл-жұмсар» еңбектерінің бірнешебасылымдарының арасындағы айырмашылықтары анықталып, негізделеді.
Қолданбалы мәні жоғары нәтижелер:

- эквивалентті фразеологиялық бірліктер жиналады, цифрландырылады, тұрақты сөз тіркестерінің фразеосемантикалық және тақырыптық топтары және қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде фразеодидактикалық иллюстрациялық материалдар дайындалады;
- эквивалентті фразеологиялық бірліктердің қазақ-ағылшын-орыс тіліндегі сөздігі дайындалады; «frazeol.kz» сайты әзірленеді;
- қазақ тіліндегі синергиялық сөздер сөздігі әзірленеді;
- «Лексикология және фразеография» атты монография шығарылады;
- фрaзeoлoгиялық бiрлiктeрдi лeкcикoгрaфиялayдың нұсқаулығы дайындалады;
- терминологиялық сөздіктермен заңнама және БАҚ-та қолданылатын, сондай-ақ бекітілген терминдер салыстырылған терминологиялық сөздік әзірленеді;
- прецедентті фразеологизмдер мағынасы және қолданылу аясы, прагматикасы көрсетілген сөздігі әзірленеді;
- Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының анықтамалығы әзірленеді (Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары бойынша);
- А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» және «Тіл-жұмсар» еңбектерінің бірнеше басылымдарының графикалық проекциясы жасалып, 2-том жарыққа шығады;
- тіл экологиясы лингвосинергетикалық аспектіде зерттеліп, монография жарияланады;
- әлем қазақтары мақал-мәтелдерінің 3 томдық антологиясы жарияланады.
1) Web of Science базасының Social Science Citation Index немесе Arts and Humanities Citation Index немесе Russian Science Citation Index индекстелетін немесе Scopus базасындағы CiteScore бойынша 25 (отыз бес) процентильден төмен емес рецензияланатын ғылыми басылымда кемінде 8 (сегіз) мақала шығарылады;
2) БҒССҚК ұсынған рецензияланатын отандық басылымда 10 (он) мақала жарияланады;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелген 3 (үш) зияткерлік меншік объектісі алынады;
- шетелдік немесе халықаралық Derwent Innovations Index (Web of Science, Clarivate Analytics) дерекқорына енгізілген 1 патент алынады.
- 2 монография, 1 нұсқаулық, 1 анықтамалық, 4 сөздік, 1 антология, 2 графикалық проекция, 1 сайт әзірленеді;
- 3 ғылыми конференция, 5 дөңгелек үстел; 7 ғылыми-өндірістік семинар өткізіледі.
Алынған нәтижелер, ғылыми тұжырымдар, өнімдер Қазақстандағы мемлекеттік тілдің беделін көтеруге, қазақ тілінің қазіргі тілдік жағдайын бағалауға, мемлекеттік тілдің дамуына, мәртебесі мен рөліне әсер ететін факторларды анықтауға бағытталғандықтан мемлекеттік тілді пайдаланатын барлық қоғам өкілінің, өндірістің барлық түрінің, білім беру жүйесі, мемлекеттік орган, бизнес-құрылымдарының тиімділігін арттыруға, бұдан басқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілеген заманауи бастамаларын іске асыруға ықпал етеді. Қазақ тіл білімі бойынша қазіргі тілдік фактілерге қатысты іргелі зерттеулер қорын тілдік эмпирикалық базаны толықтырады.
Қол жеткізілген нәтижелер

2024 жыл

1

Эквивалентті фразеологиялық бірліктерді жинау, цифрландыру

«Қазақ тілі фразеологизмдер корпусын» әзірлеу және жаңалау мақсатында «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (Кеңесбаев, 1977) word, excel бағдарламасына көшіріліп, цифрландырылды. Цифрландыру жұмысына А.Әмірбекова, Г.Талғатқызы, Т.Чукаева, М.Абаева, А.Назарова қатысты. 587 беттен тұратын «Қазақ тілінің фразеологиялық» сөздігіндегі5904 бірлік word, excel нұсқаға көшірілді. Сөздікке тіркелмеген қазіргі сөйленісте белсенді қолданылатын фразеологизмдер жиналды. Жиналған жаңа фразеологизмдердің саны – 266 бірлік болды. Мысалы, мерзімді басылымдар бойынша: жүгенсіз алып елдер – алпауыт елдер.(«Жас алаш» газеті, 25 қазан 2015ж). Отаршыл елдің атқосшысы («Егемен Қазақстан» газеті, 4 мамыр 2015ж). Жәдігөй қоғам («Қазақ әдебиеті» газеті, 6 шілде 2014ж). Қайыс креслодағылар («Жас алаш, 22 ақпан 2016ж. Тоңмойын билік (Жас алаш). Тақта отырғандар, халық қалаулылары, әлемдік арена, төртінші билік, саясат саңлақтары, тақтан дәмелілер, көгілдір отын, ғасыр дерті, темір тұлпар, т.б.

2

Тұрақты сөз тіркестерінің фразеосемантикалық және тақырыптық топтарын бөлу

Фразеологиялық сөздікті жаңалау және корпусын әзірлеу мақсатында тұрақты сөз тіркестері фразеосемантикалық және тақырыптық топтарға бөлінді. Фразеосемантикалық топ – фразеологизмдердің ұқсас немесе тең мағыналас (синонимдес) қатарын, қарама-қарсы мағынадағы қатарын, фразеологизмдердің түрлеріне қарай қатарын түзетін жүйе.Ал тақырыптық топ – фразеологизмнің мағынасына, білдіретін ұғымына қарай жинақталудан туындаған мазмұны ортақ бірліктердің жүйесі. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер 4 фразеосемантикалық топқа жіктелді. Олар – фразеологиялық синонимдер, фразеологиялық антонимдер, фразеологиялық түйдектер (идиомалар), тұрақты тіркестер. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер 30 тақырыптық топқа ажыратылды. Олар өз ішінде қызметіне қарай екі микротопқа іріктелді. Біріншісі – атаулық қызметтегі фразеологизмдер (мінез атауы, өлшем атауы, тұрмыстық бұйым атауы, т.б.). Екіншісі – сипаттау қызметіндегі фразеологизмдер (жалқаулық, ерлік, саятшылық, қорқақтық, табиғат, т.б.). Барлығы – 200 бірлік (фразеосемантикалық топ), 600 бірлік (тақырыптық топ) талданды, іріктелді. Фразеологизмдердің тақырыптық және фразеосемантикалық топ құру әлеуетін зерттеу жұмыстарын А.Әмірбекова атқарды. Қазақ фразеологизмдерінің тақырыптық топтарын анықтау барысында әртүрлі мәдени және әлеуметтік құбылыстарды, табиғатты, адамдардың мінез-құлқын және психологиялық ерекшеліктерін сипаттайтын тұрақты тіркестердің көп екені анықталды. Сондықтан макро және микро тақырыптық топтарға ажырату тиімді болды. Қазақ фразеологизмдерінің макротақырыптық топтары:

1. Адам болмысы мен мінез-құлқы байланысты фразеологизмдер

2. Татулық пен араздыққа қатысты фразеологизмдер

3. Өмір мен уақытқа қатысты фразеологизмдер

4. Қиындық пен табысқа қатысты фразеологизмдер

5. Халықтық өлшемге қатысты фразеологизмдер

6. Табиғатқа байланысты фразеологизмдер

7. Ұлттық бұйым атауларына қатысты фразеологизмдер

8. Сезімдер мен эмоциялар туралы фразеологизмдер

9. Дене мүшелеріне қатысты фразеологизмдер

10. Білім мен тәрбиеге қатысты фразеологизмдер

Фразеологизмдердің тақырыптық тобы кеңейген сайын, ұлттық мәдени дүниетанымының деңгейі анықтала түседі.Аталған макротақырыптық топ тізбегі қазақ тіліндегі фразеологизмдердің сандық жиілігіне (көп кездесуіне қарай) реттелді. Яғни қазақ фразеологиясында адам болмысы мен мінез-құлықты сипаттайтын тұрақты тіркестер өте көп дегенді білдіреді. Одан кейінгі кезекте татулық пен араздыққа байланысты фразеологизмдер саны жағынан екінші орынға реттелді.

Адам болмысы мен мінез-құлқы байланысты макротақырыптар адамның психологиялық жағдайын, мінезін, әдеттерін, әрекеттерін сипаттайды.Бұл макротоптың құрамына:

1.Адамның сырт пішінін сипаттайтын фразеологизмдер

2.Адамның жақсы мінезін сипаттайтын фразеологизмдер

3.Адамның жаман мінезін сипаттайтын фразеологизмдер

4.Адамның көңіл-күйін сипаттайтын фразеологизмдер

5.Туыстықты сипаттайтын фразеологизмдердеген микротақырыптық топтар енді.

3

Фрaзeoлoгиялық бiрлiктeрдiң мoдeлiн қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен жинaқтау жəнe жүйeлey

Зерттеу жұмысының мақсаты мен күтілетін нәтижесіне сай профессор Н.Уәлидің: «1) кітаби тіл реңкіндегі фразеологизмдер, 2) сөйлеу тілі реңкіндегі фразеологизмдер, 3) бейтарап реңктегі фразеологизмдер» [8], – деп көрсеткен негізгі үш тобы басшылыққа алынып, І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі» [9] тұрақты тіркестер стильдік реңкі бойынша ажыратылып, жүйеленді. Нақты айтқанда, 5 мың фразеологиялық сөз орамы коммуникативтік-прагматикалық, экспрессиялық-стильдік қызметі, территориялық, əлеуметтік қолданысы, лексикалық қабаты, эмоционалдық мағынасы тұрғысынан ерекшеленді

4

Салалық терминологиялық сөздіктерде тіркелген, заңнамада және БАҚ-та қолданылатын және бекітілген терминдердің жасалу жолдарын (синтетикалық, лексика-семантикалық, аналитикалық) анықтау

Аталған міндетті орындау үшін 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктің лингвистика, әдебиет, тарих, мәдениет және өнер салаларында, заңнамалық құжаттарда, «Егемен Қазақстан» газетінде қолданылатын және Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында бекітілген терминдер жиналып, іріктеліп, жасалу жолдарына қарай топтастарылды.

5

Кірме терминдер мен жаңа сөздердің (неологизмдердің) жұмсалымдық әлеуетіне әсер ететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларды анықтау

Аталған міндетті орындау үшін 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктің лингвистика, әдебиет, тарих, мәдениет және өнер салаларында, заңнамалық құжаттарда, «Егемен Қазақстан» газетінде қолданылатын және Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында бекітілген, шет тілдерінен енген кірме терминдер мен жаңа сөздер (неологизмдер) жинақталып, құрамына және жасалу жолдарына қарай топтастырылды және олар жұмсалымдық әлеуетіне әсер ететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар бойынша жіктелді.

Тіліміздегі кірме терминдер түбір (абракадабра, антитеза, гаплография) және аралас кірме терминдер (абсолют жиілік, вокал дыбыс, генеалогиялық жіктелім) деп бөлініп, олардың жасалу жолдары былайша көрсетілді:

- кірме терминдердің орыс тілінен өзгеріссіз, сол күйінде қабылдануы (барокко, бестселлер, версификация, галлицизм, домициль, супервайзер, хештег, биткойн, кэшбэк)

- кірме терминдерге қосымшалардың жалғануы (вербалды, библиографиялық, валенттілік, генеалогиялық, готикалық);

- кірме терминдердің төл сөздермен тіркесуі (бейвербалды қатысым, генеалогиялық жіктелім, бизнес-жоспар, тег-сілтеме, электрөлшегіш);

- будан терминдер (автоаударма, медиакеңістік, нанобөлшек).

6

Реалды және виртуалды қатынастағы қазақ тілінің лингвоэкологиялық сипатын қарастыру

Тіл экологиясының ғылыми-теориялық негіздері, зерттеу нысаны, ұғымдық аппараты мен әдіснамасы айқындалды. Әлемдік, түркітанымдық және қазақ тіл біліміндегі лингвоэкологиялық зерттеулерге шолу жасалып, олардың негізгі бағыттары мен тұжырымдары жүйеленді. Қазақ тіл біліміндегі тіл экологиясына қатысты терминдер мен ұғымдар жинақталып, жаңа терминологиялық бірліктерді енгізу қажеттігі анықталды.

Зерттеу барысында виртуалды (Facebook әлеуметтік желісі) және реалды коммуникация кеңістіктерінен («Қазақстан» телеарнасының «Мың бір түн» бағдарламасы, өңірлік мерзімді басылымдар) эмпирикалық материалдар жинақталып, талданды. Нәтижесінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық, стилистикалық және коммуникативтік нормалардың бұзылуы, шеттілдік сөздердің уәжсіз қолданылуы, жаргондар мен сленгтердің көбеюі сияқты лингвоэкологиялық мәселелер анықталды. Сонымен қатар тілдік агрессия, лингвотоксиндер, тілдік санаға әсер ететін факторлар сараланып, қазақ тілінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ғылыми тұжырымдар мен ұсыныстар әзірленді. Көркем мәтіндерді лингвосинергетикалық тұрғыдан талдау арқылы тілдік тұлғаның шығармашылық болмысы мен мәтіннің ықпал ету әлеуеті айқындалды.

7

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» басылымдарының арасындағы айырмашылықтарды анықтау және негіздеу

- Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» басылымдарын түпнұсқадан аудару жұмыстарын жеңілдету үшін «Оқу құралы» деп аталатын 8 нұсқасының электронды (word) нұсқасы жиналды;

- Ахмет Байтұрсынұлының кирилл (және латын) қәрпінде басылып шыққан еңбектерін жинау үшін ҚР Ұлттық кітапханасы мен Алматы (қалалық) кітапханалардағы қорлар қаралды, қосымша kazneb, kaznu.librari электронды кітапханалар мен Академиялық кітапхананың электронды сайттары қаралды. 1989-2024-ші жылдар аралығында баспадан шыққан 60-қа жуық кітап анықталып, тізімі жасалды (1-сурет); Бұл кітаптардың 50-ден артық кітаптарының электронды нұсқасы жинақталды және бумаларға бөлініп, реттелді (2-сурет) (А.Сайауышұлы);

- Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеулерден, деректерден «Оқу құралы» еңбегінің басылымдары туралы 50-ден артық сілтемелер жиналды, олар салыстырыла отырып 19 нақты тізімі іріктелді және «Оқу құралы» басылымдары туралы бұған дейінгі ғылыми әдебиеттерде қате беріліп жүрген 5 дерек анықталды (А.Құралбай);

- Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралдарының» елімізде жоқ түпнұсқа басылымдарын іздестіру үшін 12-22 қараша аралығында РФ Татарстанның Қазан қаласына ғылыми іссапар ұйымдастырылды. Іссапарда Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралының» Еліміздің мұрағаттары мен сирек кітаптар қорларында жоқ төмендегі басылымдарын іздестіру жұмысы жүргізілді:

1. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. 1-кітап. – Орынбор, 1912. – 40 б.

2. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе. Баяншы. – Орынбор. 1912. 15 б.

3. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. Бірінші жылдық кітап. 2-басылуы. – Орынбор, 1914. – 96 б.

4. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. 1-кітап. Орынбор: Типография губсовнархоза, 1920. – 90 б.

5. Ахмет Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы. «Оқу құралы». ІІІ-ІV жылдарда оқылатын кітап (Суреттері бар). 1-басылуы. – Қызылорда: Қазмембас, 1925 412 б.

Нәтижесінде «Оқу құралының» 1912, 1914, 1920 жылғы басылымдары табылды, ал Оқу құралының 1912 жылғы («Баяншы») басылымы мен 1925 жылғы басылымы табылмады. Мұның сыртында ХХ ғасыр басына тиесілі Алаш қайраткерлерінің 50-ге тарта түрлі кітаптарының фотокөшірмесі әкелінді;

- Қазан іссапарының нәтижелері талқыланып, Институт ғалымдар кеңесінде есеп берілді;

- «Оқу құралы. Ысул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші кітап. – Орынбор, 1912. – 40 б.» еңбегінің word нұсқасын жасалды және одан кейінгі 20 нұсқасы салыстырылып, ішінде өзгерістермен дамытылған 7 нұсқасы анықталды;

- Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» еңбектерінің академиялық толық тізімі жасалды. «Оқу құралы» атауымен 6 түрлі кітаптар шығарылғаны анықталды, олар: «Әліппе» (Балалар үшін), «Әліппе» (Үлкендер үшін), «Әліппе» (араб-парсы сөздерін жазу үшін), «Әліппе. Жаңа құрал» (Жаңартылған басылым), «Баяншы» (Емле ережелер), «Хрестоматия» (Оқу құралы). Бұл кітаптар атауы, басылы, сипаттамасы, басылымы, басылған қаласы, баспасы, басылған жылы, бет саны, таралымы, сақталған сирек қордағы шифры түпнұсқамен салыстырыла отырып, нақты деректер бойынша кестеге түсірілді.

- Осы тізім негізінде графикалық проекциясы жасалатын 6 нұсқа анықталды. Олар:

1. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. 1-кітап. – Орынбор, 1912. – 40 б.

2. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Қазақстан басқа түркі, фарсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген. Алфбаға жалғас 2-кітап. – Орынбор, 1913. – 52 б.

3. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. Бірінші жылдық кітап. 2-басылуы. – Орынбор, 1914. – 96 б.

4. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша Әліп-би. Бірінші кітап. Үлкендер үшін. – Семей, 1921. – 30 б. 

5. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Ысул сутие жолымен тәртіп етілген қазақша алфба. Бірінші жылдық кітап. 4-басылуы. – Ташкент: Түркістан мемлекет баспасы, 1922. – 95 б.

6. Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы». Қазақша әліп-би. 7-басылуы. Орынбор, 1925. – 72 б.

- Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» басылымдарының айырмашылықтары екі өлшем (параметр) бойынша анықталып, өзгешеліктерге талдау жасалды. Оның бірі, басылымдарындағы деректер (мұқабадағы өзгерістер, басылған қала, баспа, бет саны, таралымы т.б.) деректер өзара салыстырылып, ғылыми түсініктеме жасалды; екінші, мазмұны мен құрылымындағы өзгешеліктер салыстырылып, текстологиялық түсініктемелер жасалды (0,5 баспа табақ).

8

Көпұлтты қоғамда тілдік жағдайдың әлемдік тәжірибесін зерттеу арқылы қазіргі қазақ тілінің жағдайын талдау

Зерттеу барысында көпұлтты қоғамдағы тілдік жағдайдың әлемдік тәжірибесі қарастырылып, Финляндия, Болгария және Қазақстандағы тіл саясаты мен тілдік ахуалға салыстырмалы талдау жүргізілді. Аталған мемлекеттердің тарихи, әлеуметтік және саяси даму ерекшеліктерінің тілдік жағдайға әсері анықталып, мемлекеттік тілдің институционалдық рөлін нығайтудағы негізгі тетіктері сараланды.

Нәтижесінде Финляндиядағы қос тілділікке негізделген тіл саясаты мен Болгариядағы мемлекеттік тілді білім беру жүйесі арқылы орнықтыру тәжірибесінің ұзақ мерзімді тиімділігі айқындалды. Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдайдың қалыптасуына әсер еткен тарихи-демографиялық, әлеуметтік және саяси факторлар жүйеленіп, мемлекеттік тілдің білім беру саласындағы және қоғамдық өмірдегі рөлінің күшею үрдісі бағаланды. Зерттеу қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, кәсіби және қоғамдық коммуникациядағы беделін арттыру бағытындағы тіл саясатының оң нәтижелерін көрсетті. Сонымен қатар көпұлтты қоғам жағдайында мемлекеттік тілдің дамуын қамтамасыз ету үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, тілдік саясатты кешенді жоспарлау мен миноритар тілдер факторын назарда ұстаудың маңыздылығы айқындалды.

9

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының анықтамалығын жетілдіру (Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары енгізілетін болады)

 

Жанұзақ Т.                Бас кеңесші

Рысберген Қ. Түркістан, Қызылорда облыстары

Пашан Д.       Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары

Садырбаева З.           Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары

Сейтбатқал Ә.          Алматы, Жетісу, Жамбыл, Ақмола облыстары

Садық Д.       Маңғыстау, Қарағанды облыстары

Жұманқызы А.         Қостанай, Павлодар облыстары

 

 

Аталған облыстардың әкімдік сайттарынан, облыстық анықтамылықтардан қарап, әкімшілік-аумақтық бірлік атауларын түгендеу, әкімдікпен байланысып, мәліметтерді толықтыру арқылы, көрсетілген облыстардың әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларын түгенделді.

Осы анықтамалықтың базасын жинақтау мақсатында Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына, Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласына іссапар ұйымдастырылды. Ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Д.Пашан, ғылыми қызметкері З.Садырбаева, кіші ғылыми қызметкер, докторант Ә.Сейтбатқал, аға лаборанты А.Жұманқызы 2024 жылдың 27-31 қазаны аралығында Түркістан облысының әкімдігі Мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөліміне іссапарға барып қайтты. Іссапарда Түркістан облыстысында соңғы жылдарда өзгерген, ауысқан, қайта аталған жер-су атауларының тізімі алынды. Облыстың мәдениет басқармасы тарапынан жарыққа шыққан әкімшілік-аумақтық бірліктердің анықтамалықтарымен танысып, тәжірибе алмасты. Облыстық ономастикалық комиссияларының хаттамаларымен, жұмыс барысы және нәтижелерімен танысты.

Түркістан облысының әкімдігі Мәдениет басқармасы Тілдер дамыту және Ономастика бөлімінің жұмыс барысы мен мамандарымен танысып, кәсіби байланыс орнатылды. 2018 жылы құрылған Түркістан облысында соңғы жылдарда өзгерген, ауысқан, қайта аталған жер-су атауларының тізімі алынды. Облысқа бағынысты қала атаулары, аудан атаулары, қалалық аудан атаулары, кент атаулары, ауылдық округ және ауыл атаулары үлгі бойынша әліпбилік тәртіпке сәйкес әрбір аудан әкімдіктерінен жинақталды.

 Төле би ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 55 ауыл атауының, Қазығұрт ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 61 ауыл атауы, Жетісай ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 104 ауыл атауы, Сарыағаш ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 63 ауыл атауы, Түлкібас ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 60 ауыл атауы, Шардара ауданы бойынша, 1 қала, 10 ауылдық округ, 22 ауыл атауы, Келес ауданы бойынша 12 ауылдық округ, 83 ауыл атауы, Мақтаарал ауданы бойынша 9 ауылдық округ, 67 ауыл атауы, Бәйдібек ауданы бойынша 11 ауылдық округ, 50 ауыл атауы, Отырар ауданы бойынша 13 ауылдық округ, 38 ауыл атауы, Ордабасы ауданы бойынша 10 ауылдық округтің, 57 ауыл атауы, Арыс қаласы бойынша 6 ауылдық округ, 27 ауыл атауы жинақтап алынды.

Сауран ауданы бойынша қайта аталған 2 ауылдық округ: Майдантал ауылдық округі (бұрынғы атауы Ескі Сауран), Жүйнекауылдық округі (бұрынғы атауы Коммуна), Жетісай ауданы бойынша 5 елдімекен атауы: Баянды елдімекені (бұрынғы атауы 40 лет Победы), Таубай ата елдімекені (бұрынғы атауы Карл Маркс), Алтынкөл елдімекені (бұрынғы атауы Первомайское), Ақбұлақ елдімекені (бұрынғы атауы Киров), Жетісу елдімекені (бұрынғы атауы Чехов) Қазығұрт ауданы бойынша 1 елдімекен: Үшбастау елді мекені (бұрынғы атауы ХХ лет Каз ССР елді мекені),Келес ауданы бойынша 8 елдімекен: Кеңдала елдімекені (бұрынғы атауы М.Горький елдімекені), Лесбек батыр елдімекені (Қызыл әскер), Сәмбет Саттаров елді мекені (бұрынғы атауы Орджиникидзе), Ораз ата елдімекені (бұрынғы атауы Дмитрово), Көлтоған елді мекені (бұрынғы атауы Әзербайжан), Ақжол елдімекені (бұрынғы атауы Ленинжолы), 1 Мамыр елдімекені (бұрынғы атауы Первое мая), Ащысай елдімекені (бұрынғы атауы Коммунизм)тәрізді соңғы жылдары ауысқан атаулар бұрынғы және қазіргі атауларымен бірге алынды.

Екінші іссапар бойынша Ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Д.Пашан, ғылыми қызметкері З.Садырбаева, кіші ғылыми қызметкер, докторант Ә.Сейтбатқал, 2024 жылдың 13-19 қараша аралығында Ұлытау облысының әкімдігі Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Архив ісі, тілдерді дамыту және ономастика бөліміне іссапарға барып қайтты.

Іссапар нәтижесінде Ұлытау облысы әкімшілік-бірлік атаулары бойынша мәліметтер алынды. Облыста Жаңарқа және Ұлытау аудандары бар. Ұлытау обллысына бағынысты Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары бар. Ұлытау облысы бойынша кенттер саны 6, ауылдық округтер, ауылдар, елді мекендер 71 атауды құрады. Базада осы ақпараттар толықтай қамтылды.

Сондай-ақ іссапар аясында Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйысдастыруымен Жезқазған қаласы кәсіпкерлері мен тұрғындарына «Қазіргі заманғы нейминг: эргонимдер мен тиімді атаулар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде Ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Д.Пашан «Жезқазған атаулары: қала мәдениетінің көрінісі» атты, кіші ғылыми қызметкер, докторант Ә.Сейтбатқал «Эргонимдердің мазмұны мен тұлғасының лингвомәдени ерекшеліктері» атты баяндама жасады.

Қорыта келе, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері атаулары жинақталды. Қызметкерлердің жинақтаған материалы Google disk-дегі базаға жинақталды

2025 жыл

1

Қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде фразеодидактикалық иллюстрациялық материалдарды дайындау      

Қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде фразеодидактикалық иллюстрациялық материалдарды дайындау нәтижесінде лексикографиялық түсіндірме жұмыстар (фразеологизмдердің мағынасын ашу),салыстырмалы жұмыстар (қазақ–орыс–ағылшын фразеологизмдерін салыстыру), танымдық жұмыстар (мәдени кодты таныту), креативті-иллюстративті жұмыстар (фразеологизмдердің мағынасына ойдан сурет салу) атқарылды. Нәтижесінде барлығы 1000 дидактикалық материал әзірленді. Оның ішінде 800 материал қазақша-ағылшынша-орысша фразеологиялық сөздік құрастыруға таңдалды. 1000 дидактикалық материал (үштілді фразалар, олардың анықтамасы және суретті иллюстрациясы) frazeol.kz сайтына енгізілді. Frazeol.kz сайты ашық платформада кең ауқымды хостинг негізінде әзірленді. Үштілді фразеологиялық материалдар (қазақ–орыс–ағылшын) әліпбилік ретпен жүйеленіп, қолданушыларға ыңғайлы интерфейс арқылы ұсынылды. Frazeol.kz платформасы фразеодидактикалық оқыту мақсатында әзірленіп, көптілді білім алушылар мен тіл мамандарына арналды. Пайдаланушылар фразеологизмдерді әліпбилік ретпен іздеп таба алады. Сайттың интерфейсі интуитивті, заманауи дизайн негізінде жасалып, HTML5, CSS және JavaScript технологиялары қолданылды. Деректер базасы MySQL жүйесінде сақталады, бұл материалдарды автоматты түрде іздеу мен сұрыптауға мүмкіндік береді.

Орыс тілінің фразеологиялық әлеуеті жоғары болғанымен, қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдер мағыналас, тақырыптас екені анықталды. 1000 қазақ-орыс-ағылшын ортақ фразеологизмдер қоры түзіліп, 128 жаңа (тіркелмеген) қазақ фразеологизмі жиналды, «Қазақша-ағылшынша-орысша суретті фразеологиялық сөздік» жарияланды. «Қазақша-ағылшынша-орысша суретті фразеологиялық сөздігіне» авторлық куәлік алынды.

2

Қазақ-орыс-ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің мәдениетаралық қатынастағы ықпалын, этнокультурация құбылысын зерттеу  

Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ортақ 1000 бірлік жиналды. 1000 бірлік 28 тақырыптық топқа ажыратылды. Ортақ фразеологизмдердің қалыптасуына екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас ықпал етті. Мәселен, Қазақ және орыс тілдері арасындағы фразеологиялық ауысулар XVIII–XX ғасырлардағы саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықтың нәтижесі болып табылады. Бұл кезеңдерде қазақ тіліне орыс тілінен бірқатар тұрақты тіркестер, нақыл сөздер мен идиомалар енді. Бұл процесс аккультурация және интерференция заңдылықтарына сәйкес жүрді. Нақтырақ айтсақ, Сауат ашу және әкімшілік іс-қағаздар орыс тілінде болды. Орыс тіліндегі көркем шығармадағы тұрақты тіркестер аударылып қолданысқа ене бастады. Мәселен, «екі қоянды бір оқпен ату» фразасының үш тілдегі мағынасы да, формасы да сақталған. «kill two birds with one stone» «попасть одной стрелой в двух зайцев» . Демек, бұл қазақтың төл фразеологизмі емес. Қазақтың төл фразеологизмдерінің мазмұнында ұлттық мәдени кодтың белгілері болады. Мәселен «бауырына басты». Адамды жақын тартып, еміренгенде тек қазақтар ғана жақсы көрген адамын бауырының тұсына тақап қысады. Ал өзге халық бәлкім құшақтар, бәлкім қол алысар, бәлкім бет жанастырар. Сондықтан бауырының тұсына басын қойып жақсы көретін қазақтың мәдениетінде «бауырына басты» фразеологизмі қалыптасқан. Сол сияқты «бір күн бие, бір күн түйе» деп қазақтар ғана айтады. «Бір есік бір тесік заман» (қыспақта, зәрулікте болған кез) фразеологизмі тарихи оқиғалар кезеңінде пайда болғанын көрсетеді. Бірақ дәлме-дәл эквиваленті жоқ. Бұл тіркестің балама аудармасы «hard times», «трудные времена» болып берілгеніне қарап, басқа тілде емес, қазақ халқының танымымен құрылғанын дәлелдейді.

Фразеологизмдегі этнокультурация құбылысын қалыптастыру мәдени сәйкестік феноменімен тығыз байланысты, сондай-ақ мәдени бірегейліктің тұрақтануымен де байланысты. Демек, фразеологиядағы этнокультурация бұл өз тұлғасын белгілі бір мәдени, танымдық, психологиялық ерекшеліктер жиынтығында және белгілі бір өмірлік тәжірибенің мұрагері ретінде бөлек әлеуметтік топқа немесе ұлттық-мәдени қауымдастыққа сіңу. Фразеологизмдерді этнокультурациялаудың ең тиімді тәсілі – прецедентті фразаларды сақтап аудару. Фразеологиялық этнокультурацияға бейім 128 бірліктің орыс және ағылшын тіліндегі аудармалары мен баламалары ұсынылды.

Қазақ фразеологиясының этнокультурациялық әлеуетін арттыру мақсатында қазақ жазушыларының тіліндегі лексикографиялық қорға тіркелмеген бейнелі тіркестер жинақталды және олардың мағынасы ашылды.

3

Фрaзeoлoгиялық бiрлiктeрдiң мoдeлiн қазақ тілінің он томдық және он бес томдық түсіндірме сөздіктерінен жинaқтау жəнe жүйeлey

Фрaзeoлoгиялық бiрлiктeрдiң мoдeлiн жинaқтау жəнe жүйeлey тапсырмасына сәйкес өткен жылы І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі» (Алматы, 1977) тұрақты тіркестер коммуникативтік-прагматикалық, экспрессиялық-стильдік қызметі, территориялық, əлеуметтік қолданысы, лексикалық қабаты, эмоционалдық мағынасы тұрғысынан ерекшеленген болатын. 2025 жылғы күнтізбелік жоспарға сай қазақ тілінің он томдық және он бес томдық түсіндірме сөздіктерінен 800 (сегіз жүз) фразеологиялық сөз орамы жасалу типіне, мағына ашудың әдіс-тәсіліне т.б. қарай ажыратылып, жүйеленді.

- жаңа жинақ нәтижесінде қазақ мақал-мәтелдерінің саны 34 мыңнан 40 мыңға жеткізілді;

- жаңадан 6000-нан астам үлгі ғылыми айналымға енгізілді;

- аймақтық-диаспоралық варианттар анықталып, нормаланған үлгілермен салыстырылды; 

- 10 мың мақал-мәтел тақырыптық-типологиялық тұрғыдан жүйеленді;

- қазақ тілінің цифрлық корпус базасы байытылды.

4

Қазақ кестелі сөзін сипаттайтын лингвосинергетикалық маркерлерді көрсету

Жұмыстың бірінші кезеңінде лингвосинергетика ғылымының пайда болуы зерттелді. Поэтикалық мәтінді күрделі, ашық жүйе ретінде қарастыра отырып, оның синергиялылығы айқындалды.

Жұмысты зерттеу барысында алдымен ақындардың өлеңдері жинақталып, мәтіндер Word нұсқаға келтіріліп, техникалық қателері түзетілді. Өлеңдегі көріктеуіш құралдар (теңеу, эпитет, метафорлар) анықталды. Аталған бейнелі сөздер мағыналық қызметіне қарай лингвосинергетикалық категориялардың (аттрактор, флуктуация, бифуркация) қай түріне жататыны анықталды. Жиналған лингвосинергетикалық маркерлер жүйеленіп, олардың мағыналық қызметін ашып, әрқайсысына мысалын келтірілді.

5

Тілдік тұлға сөзінің синергетикалық сипатын дискурстық талдау арқылы тану

Тілдік тұлға аясындағы синергетика теориясы зерттелді. Зерттеу жұмысында тілдік тұлғасөзінің синергетикалық сипаты дискурстық талдау негізінде қарастырылды. Лингвосинергетика – тіл біліміндегі жаңа бағыт ретінде сипатталып, оның басты мақсаты тілдік құбылыстарды талдау барысында синергетиканың негізгі заңдылықтарын қолдану екендігі айқындалды. Бұл тұрғыда зерттеу тілдің даму үдерісін, оның ішкі жүйесінің реттелуін, сондай-ақ мағына мен құрылымның өзара байланысын анықтауға бағытталды. Практикалық кезеңде тілдік тұлға сөзінің синергетикалық сипатын дискурстық талдау арқылы тану үшін біз М.Жұмабаевтың синергетикалық табиғатын зерттеуге алдық. Аталған жоба аясында М.Жұмабаевтың тілдік тұлғасының синергетикалық табиғатын айқындау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында ақынның поэтикалық мәтіндері лингвосинергетикалық тұрғыдан талданып, тілдік жүйедегі аттракторлар, флуктуациялар мен бифуркациялық сәттердің көрінісі анықталды. Ақынның өлеңдері синергетикалық жүйе ретінде қарастырылды. Мағжан Жұмабаев поэзисын талдауда қолданылған синергетикалық моделі үш кезеңнен тұрады. Олар:

1) Аттракторларды табу;

2) Флуктуацияны анықтау;

3) Бифуркацияны айқындау.

Зертетудің үшінші кезеңі – бифуркацияны анықтау болып табылады. Бұл кезеңде ақын ойының немесе идеясының жаңа бағытқа ауысуы, яғни поэтикалық жүйенің сапалық тұрғыда жаңаруы айқындалды. Мысалы: «Дариға, жаным – азат, денем – тұтқын» (М.Жұмабаев «Сарғайдым» 232 бет) өлең жолдарында жан мен дене арасындағы қарама-қайшылық өз шегіне жеткені байқалады. Ақынның жаным – азат деуі рухтың еркіндігін, ал денем – тұтқын өмірдің шектеуін білдіреді. Осы екі ұғымның тоғысында жаңа сапалық мағына, яғни бифуркациялық бұрылыс туындағаны анықталды. Бұл бифуркациялық сәт жүйенің жаңа деңгейге көтерілуін, поэтикалық ойдың жаңа арнаға бағытталуын көрсетеді. Мағжан Жұмабаев осы өлең жолында адамның рухани еркіндігі мен тән шектеуінің арасындағы тартысты синергетикалық тұрғыдан бейнелей отырып, флуктуациялық ауытқудан бифуркациялық жаңаруға өтетін поэтикалық жүйе қалыптастырғана дәлелденді.

Зерттеу нәтижесінде Мағжан Жұмабаевтың поэзиясын синергетика тұрғысынан қарастыру оның тілдік тұлғасының күрделі құрылымын терең ашуға беретіне анықталды. Ақын тілі тұрақтылық пен тербелістің, тәртіп пен хаостың, эмоция мен ойдың өзара әсерінен түзілген тұтас жүйе ретінде сипатталды. Аттракторлар ақын дүниетанымының тұрақты мағыналық өзегін қалыптастырғаны байқалды, флуктуациялар жаңа бейнелер мен мағыналардың туындайына себеп болды. Бифуркациялық сәттерде ақын ойының жаңарып, өлең мағынасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгені анықталды.

6

Салалық терминологиялық сөздіктерде тіркелген және БАҚ-та қолданылатын терминдердің қолданылу ерекшеліктерін (полисемия, кеңмағыналылық, эврисемия, мағынаның семантикалық жылжуы (тарылуы/кеңеюі), жарыспа нұсқалардың дербес терминденуі, архаизмдердің, қолданыс жиілігі төмен сөздердің терминденуі, бейтерминдену және т.б.) анықтау 

Зерттеу барысында салалық терминологиялық сөздіктерде тіркелген және бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын терминдердің семантикалық және функционалдық ерекшеліктері анықталды. Терминдердің көпмағыналылық (полисемия), кеңмағыналылық (эврисемия), мағынаның семантикалық кеңеюі мен тарылуы, жарыспа нұсқалардың дербес терминденуі, архаизмдер мен қолданыс жиілігі төмен сөздердің терминденуі, сондай-ақ бейтерминдену құбылыстары жан-жақты талданды. Зерттеу нәтижесінде бірқатар терминдердің әртүрлі ғылым салаларында мағыналық байланыс негізінде қолданылатыны, ғылыми-техникалық прогресс пен қоғамдық өзгерістердің термин мағынасының өзгеруіне ықпал ететіні айқындалды. Сонымен қатар терминологиялық жарыспалылықтың негізгі себептері мен көріністері сараланып, терминдердің жалпы қолданысқа ауысуы мен арнайы мағынаға ие болуының заңдылықтары анықталды. Жүргізілген талдау қазіргі қазақ терминологиясының даму үдерістерін, терминдердің семантикалық трансформациясын және олардың БАҚ тіліндегі қолданыс ерекшеліктерін сипаттауға мүмкіндік берді.

7

Кірме терминдер мен жаңа сөздердің (неологизмдердің) өміршеңдігінің параметрлерін анықтау         

Кірме терминдердің қазақ тіліне аударылмай қолданылып жүргенінің ең басты себебі – Қазақстанның әлемдік аренаға интеграциялануы және әлемнің алдыңғы қатарлы тілдерінің терминді этимологиялық негізін сақтап қолданылуы.

Кірме терминдер мен жаңа қолданыстардың пайда болуына ықпал ететін мынадай негізгі түрткіжайттар анықталды: инновациялар және технологиялар; мәдени өзгерістер; БАҚ; тіл эволюциясы; жастар мәдениеті және сленг; саяси факторлар және т.б.

Зерттеу барысында ұлттық терминдерді қолданудың үлес салмағының төмен деңгейде болуының, ұтымды жасалған терминдердің өзін күнделікті тілімізде жиі қолданбаудың төмендегідей себептері де анықталды: жаңа бекітілген терминнің баспасөзде жарияланбауы, насихатталмауы; салалық терминдер негізінен шет тілдерінен орыс тілі арқылы еніп жатқандықтан, сала қызметкерінің үйреншікті кірме сөзді қолдануды оңай деп есептеуі; көптеген салаларда әлі де болса орыстілді тұтынушы мамандардың үлес салмағының басымдығы; білім беру жүйесінде «аралас» мектептердің қызмет етуі; жаңа салалық терминдер қолданылған салалық нұсқаулықтардың, ғылыми әдебиеттің аздығы.

8

Тілдік ортаның сөз тазалығы үшін күрес жолдары, қоғамның, жеке адамның тілдік рухани саламаттылығына зиян тигізетін түрткіжайттарын анықтау. Телерадио сөйленістеріндегі тілдік орта мәселесін қарастыра отырып, ондағы сөз экологиясын зерттеу

Тапсырма аясында сөз тазалығы үшін күрес жолдары, қоғамның, жеке адамның тілдік рухани саламаттылығына зиян тигізетін түрткіжайттар мен телерадио сөйленістеріндегітілдік орта мәселесі қарастырылып, талдаулар жасалды.

Жүргізілген зерттеу нәтижесінде радио кеңісітігіндегі сөз экологиясының бұзылуына әсер ететін негізгі фактолар анықталды, олар:

- тікелей эфирлік қысым – сөйлеу дайындықсыз жүреді;

- жарнамалық және әлеуметтік желінің ықпалы – экспрессивтілікті арттыру үшін нормадан ауытқу қалыптасқан үрдіске айналып барады;

- редакторлық сүзгінің әлсіреуі – тіл мәдениеті сапасына жауапкершіліктің төмендеуі.

9

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» және «Тіл-жұмсар» еңбектерінің бірнеше басылымдарының графикалық проекциясын жасау

2025 жылға жоспарланған міндеттер аясында А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» және «Тіл-жұмсар» еңбектерінің бірнеше басылымдарына графикалық проекция жасалды. Нәтижесінде «Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» басылымдарының графикалық проекциясы» атты 606 беттік және «Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-жұмсар» басылымдарының графикалық проекциясы» атты 286 беттік ғылыми еңбектер дайындалды. Зерттеу барысында «Оқу құралының» 23 басылымы анықталып, олардың толық библиографиясы жасалды, құрылымдық, мазмұндық және графикалық ерекшеліктері салыстырмалы түрде талданды. Сондай-ақ бұрын ғылыми айналымға түспеген 1920 жылғы басылым табылып, мәтіндердің толық электрондық базасы қалыптастырылды. Жоба нәтижелері бойынша «Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» басылымдары: библиографиялық, типографиялық ерекшелік» атты ғылыми мақала жарияланды. «Ахмет оқулары – 2025» алаңы аясында ғылыми-өндірістік семинар мен республикалық конференция өткізіліп, дайындалған еңбектердің тұсаукесері жасалып, зерттеу нәтижелері ғылыми қауымдастыққа таныстырылды. Дайындалған екі еңбекке Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелетін зияткерлік меншік объектілерін алу жоспарланды.

10

Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, лингвистикалық, демографиялық және көші-қон үдерістері жағдайында қазіргі қазақ тілінің тілдік жағдайын қоғамдық сананың қабылдауын талдау

Қазақ тілінің болашағы мемлекеттік саясаттың сапасына ғана емес, қоғамдық санадағы тілдік идеология мен практикалық мотивацияның үйлесуіне тікелей байланысты. Егер тіл тек міндет немесе символ ретінде қабылданса, оның дамуы шектеледі, ал егер ол білім, инновация және әлеуметтік капиталдың құралына айналса, онда қазақ тілі XXI ғасырдың мәдени және ғылыми кеңістігінде жетекші орын алады. Сондықтан мемлекеттік саясаттың тиімділігі оның халықтық қолдау деңгейімен өлшенеді. Бұл қолдау тек нормативтік актілер арқылы емес, қоғамдық санада тілге деген сенім, мақтаныш және практикалық қызығушылық қалыптасқанда ғана тұрақты сипатқа ие болмақ. Қазақ тілінің болашағы – тек тіл мәселесі емес, ол ұлттық жаңғыру мен әлеуметтік теңгерімнің стратегиялық бағдары болып табылады.

Зерттеуден алынған нәтиже ҒЖБССҚК тізіміндегі ғылыми журналдарда 1 мақала және Scopus базасында citescore бойынша кемінде 25 (жиырма бес) процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдағы 1 (бір) мақала түрінде жарияланды

11

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының нормасы мен бейнормасын анықтау, қазақ тілінің орфографиясына негізделген стандартты нұсқасы мен бірліктердің орыс тіліндегі транслитерациясын беру (Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары қамтылатын болады)            

Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын қамтитын әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйелеу мен нормалауда 4 200-ден астам елді мекен атауы сарапталып, олардың қазақ тіліндегі жазылуы орфографиялық талаптарға сәйкестендірілді. Сонымен қатар, шамамен 3750 атаудың орыс тіліндегі транслитерациясы ғылыми негізде жаңартылып ұсынылды. Аталған үш жаңа облыстың атаулары алғаш рет толықтай анықтамалыққа енгізіліп, аймақтық ономастикалық комиссиялардың 40-қа жуық шешімі талданып, тілдік және тарихи жағынан негізделген ұсыныстар дайындалды. Анықтамалықтың құрылымы тілдік тұтастықты, бастапқы атаулардың сақталуын және ғылыми дәлдікті қамтамасыз ету қағидаттарына сай жаңғыртылды.




Практикалық маңыздылығы

Зерттеу нәтижелері қазіргі қазақ терминологиясындағы терминдердің семантикалық даму заңдылықтарын, БАҚ тіліндегі қолданыс ерекшеліктерін және терминологиялық жүйедегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік берді. Алынған деректер терминологиялық сөздіктерді жетілдіруде, терминдерді біріздендіру мен стандарттауда, жаңа терминдерді бекіту және қолданысқа енгізу үдерістерінде ғылыми негіз ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар зерттеу материалдары жоғары оқу орындарының филология, терминология, лексикология және медиалингвистика бағыттарындағы оқу үдерісінде, оқу құралдары мен әдістемелік еңбектер дайындауда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік сапасын арттыруда қолдануға жарамды.

Қолданысқа енгізу перспективалары

Зерттеу нәтижелерін ұлттық терминологиялық қорды толықтыруда, салалық терминологиялық сөздіктерді жаңарту барысында және терминологиялық комиссиялардың практикалық қызметінде пайдалану көзделеді. Терминдердің көпмағыналылығы, кеңмағыналылығы, семантикалық өзгерістері мен жарыспалы нұсқалары туралы жинақталған материалдар БАҚ тіліндегі термин қолданысын реттеуге, ғылыми-көпшілік және ресми мәтіндердегі терминдердің бірізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта зерттеу нәтижелері қазақ терминологиясының электрондық дерекқорларын жетілдіруде, терминологиялық мониторинг жүргізуде және жаңа терминдерді сараптау жұмыстарында кеңінен қолданылатын болады.