«Қазақ тілін лингвосинергетикалық, лингвоэкологиялық, лингводидактикалық аспектіде зерттеу» жобасы
Қазақ тілін ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде лингвосинергетикалық, лингвоэкологиялық және лингводидактикалық аспектілерде кешенді зерттеу және оқу мәтінінің тиімді лингвистикалық негіздерін әзірлеу. Нәтижесінде қазақ тілінің фразеологиялық, терминологиялық базасы нығайып, сөз мәдениеті жетіліп, оқу мәтіндерінің сапасы артады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты (ШЖҚ РМК). Мекенжайы: Алматы қаласы, Құрманғазы, 29.
Жоба бес негізгі бағытта жүргізіледі: фразеология мен лексикография (фразеологизмдерді жинау, цифрландыру, сөздік жасау); терминология (терминдердің жасалуы, қолданылуы, неологизмдер); лингвоэкология (тіл тазалығы, сөз экологиясы, тіл басқыншылығы); лингвосинергетика (баспасөз тілі, кестелі сөз, тілдік тұлға); лингводидактика (А.Байтұрсынұлы еңбектері, оқу мәтіндері, топонимика).
Жоба аяқталғанда мынадай өнімдер қолжетімді болады: 2 монография, 4 сөздік (фразеологиялық, терминологиялық, синергиялық сөздер, прецедентті тіркестер), 1 нұсқаулық, 1 анықтамалық, 3 томдық мақал-мәтел антологиясы, 2 томдық графикалық проекция, «frazeol.kz» цифрлық платформасы, сондай-ақ халықаралық және ұлттық деңгейде 18 ғылыми мақала.
800-ден астам қазақ фразеологизмін үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын – иллюстрациямен бірге ұсынатын ашық цифрлық платформа. 2025 жылы іске қосылды. Мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар, аудармашылар, журналистер және қазақ тілін үйренушілердің барлығы тегін пайдалана алады.
Иллюстрациялар алты ғылыми критерий бойынша жасалды: фразеологизмнің астарлы мағынасына сәйкестік; қазақ мәдени кодын сақтау (киіз үй, дала, түйе, ою-өрнек т.б.); когнитивтік ассоциациялық ұқсастық; эмоциялық-түстік үйлесім; визуалды қарапайымдылық; этикалық-эстетикалық талап. Суреттер реалистік, ұлттық нақышты стильде орындалды
Бұрын «Абылайдың асындай», «Атымтай жомарт» сияқты прецедентті тіркестер өзге тілдерге жалпы мағынасымен ғана берілетін еді. Жобада мәдени детальдар сақтала отырып аударылды: «Абылайдың асындай – пир как у Абылай – a feast like Abylai's» форматында. Этнофразеологизмдердің, ұлттық аспаптарға, төрт түлікке, киіз үйге қатысты тіркестердің мәдени мазмұны да сол күйінде жеткізілді.
Тіл экологиясы (лингвоэкология) – тілдің өміршеңдігін, тазалығын, рухани-мәдени қуатын сақтауды зерттейтін сала. Жоба реалды және виртуалды кеңістіктегі, телерадио сөйленістеріндегі тілдік ортаны, бөгде тіл басқыншылығының салдарларын, сөз тазалығына зиян тигізетін түрткіжайттарды зерттеп, тілді сақтаудың ғылыми негізін ұсынады.
Ахмет Байтұрсынұлының 1912–1929 жылдары жарық көрген «Оқу құралы» мен 1928–1929 жылдардағы «Тіл-жұмсар» еңбектерінің бірнеше басылымының графикалық проекциясы жасалып, 2 том жарыққа шығарылады. Бұл – аталған еңбектерді тарихи қалпында, ұқсастықтары мен айырмашылықтары нақты дәлелденіп, ғылыми негізде зерттеудің тұңғыш тәжірибесі.
Мемлекеттік тілдің беделі мен нормасын нығайту мақсатында. Анықтамалықта Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары қоса алынып, барлық әкімшілік-аумақтық бірліктердің қазақ тіліндегі орфографиялық нормасы мен орыс тіліндегі транслитерациясы беріледі. Анықтамалық мемлекеттік органдарға, ресми іс қағаздар мамандарына, мұғалімдерге, БАҚ өкілдеріне практикалық құрал болады.
Фразеодидактикалық иллюстрациялық материалдар мектеп оқушыларына фразеологизмдерді тікелей визуалды-бейнелік тәсілмен меңгертуге арналды. Frazeol.kz платформасы оқу сабақтарында тікелей пайдаланылуы мүмкін. Терминологиялық зерттеу нәтижелері оқулықтардың терминологиялық сапасын арттырады, ал тіл экологиясы бойынша монография оқу мәтіндерінің нормалануына жәрдемдеседі.
2025 жылдың соңына дейін Scopus базасында (CiteScore 35+ процентиль) 3 мақала, ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда 6 мақала жарияланды. Жоба аяқталғанда Web of Science / Scopus базаларында 8 мақала, ұлттық журналдарда 10 мақала, 4 зияткерлік меншік объектісі және 1 халықаралық патент (Derwent Innovations Index) алынады.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты. Мекенжайы: Алматы қаласы, Құрманғазы, 29. Жоба нөмірі: BR24993133